Ақылы кем демеңіз...
Ақылы кем демеңіз...

Дефектолог досым бар. Алматы маңындағы ақыл-есі кем балалардың мектеп-интернатында қызмет істейді. Көп ізденеді, көп оқиды. Ұлттық психология мен этнопедагогиканың өзекті мәселелерін сағаттап сөз етуге әзір. Әңгімесі әдемі әрі әсерлі, қысқасы. Бауырымның дінисламға деген ықыласы алабөтен, өзі де намазға ниеттеніп жүр. Оған себеп болған – шәкірттері. Ұстазынан сабақ ала жүріп, өздері де өмірлік сабақ беріп үлгерсе керек. Мүмкіндігі шектеулі бала-бауырларымыздың әрекеттері шектеусіз ойға жетелейді. Бірі жүректі жылытса, бірі жүректі жылатады. Жақсы көретін досымыздың кей әңгімесін сіздерге де ұсынуды құп көрдік. Сонымен, досым айтады:

Бірінші әңгіме 
Біздегі балаларды оқыту, оларға тәрбие беру оңай шаруа емес. Өйткені, көбісінің ақыл-есі кемістеу... Әдеттегідей алтыншы сыныпқа сабақ беріп жатқанмын. Бір кезде балалардың бәрі дегбірсіздене бастады. Сабақ жайына қалды. Бәрінің назары басқа жаққа ауған. Әншейінде тілімді алатын балалар мені елеген де жоқ, тіпті. Өзіме қаратам деген әрекетім берекетсіз болды, бәрібір мойын бұрған жоқ... Сөйтсем, олар бір әуенге ден қойған екен. Азан дауысына! Таяу маңдағы мешіт құрылысы аяқталып, сол күні алғаш рет азан шақырылған еді. Оқушыларым ұйып кетіпті... Үндемедім. Күтуге тура келді. Бірер минуттан кейін әсерлі әуенді жоғалтып алған балалар жапа-тармағай маған қарады да, шыдамсыздана сұраумен болды. «Ағай, мынау қандай дауыс!?», «Ағай, мына тамаша әнді кім айтып жатыр?», «Керемет ән екен, ә!»... Жаңбырша жауған сұрақтарға басында қалай жауап берерімді білмей дал болдым. Өйткені, он екі мүшем сау бола тұра азан дауысына мен дәл солар секілді әсерленбеген екенмін... Әйтпесе, жиі естіп жүрген әуен емес пе?!.

Екінші әңгіме 
Құлаққап (наушник) тағып алып, көңілді әнге елтіп келемін. Таңғы тоғыздар шамасы. Көтеріңкі көңіл күймен мектеп ауласына кірдім. Алдымнан алтыншы сыныпта оқитын Айдын деген бала жүгіріп шықты да, әй-шайға қарамай: «Ағай, сіз намаз оқисыз ба?!» - деп сұрады. Не дерімді білмей тұрып қалдым. Көңіл-күйім нілдей бұзылды. Бұл баланың осындай сұрақ қойғанына таң қалдым. Себебі, Айдынның танымдық қабілеті өте нашар еді, ақыл-ойы дамымай қалған. Үміттене қарап тұрған балаға ләм-мим демей, құлаққабымды қайта тақтым да, мектепке кіріп кеттім. Мүсіркей қарап Айдын қалды. Кабинетіме кірген соң жаңағы баланың сұрағына жауап бере алмағаным үшін өкіндім. Өзегім өртеніп барады. «Намаз жайында оған кім айтқан!? Өрімдей бала оны қайдан біледі!» Сан түрлі сұрақ тынышымды алды. Күн сайын қаншама баланың сұрағына жауап беріп жүрсем де, Айдынның бүгінгі сұрағына ештеңе дей алмай қалғаным үшін қатты ұялдым. Бала алдында да, ар алдында да, Алла алдында да!.. Күні бойы науқас жандай томсырайып жүрдім. Өйткені, жан-дүниемде бір дүлей күш бар-тын. Үйге қайтып жатқанда, тағы да Айдынды кезіктірдім. Балалармен ойнап жүр екен. Оны қасыма шақырып алдым да: «Айдын, таңертең сен маған қандай сұрақ қойдың?» - деп сұрадым. Ол есіне түсіре алмай әлек. Қиналып кетті тіпті. Әдетте, мұндай балалардың есте сақтау қабілеті тым төмен болады. Сондықтан өзімнің көмектесуіме тура келді. «Сен маған намаз жайлы сұрақ қойдың ғой, есіңде ме?» - дедім. Бірден есіне түсті, селт ете қалды. Жұлып алғандай: «Ағай, сен намаз оқи аласың ба?!» - деді. Мен де саспастан: «Иә, оқи аламын. Бірақ қазір оқып жүргем жоқ», - дедім. Өз сұрағының жауабын тапқан балақай маған күлімсірей қарады да, ойнап жүрген балалар жаққа жүгіріп кетті. Қуанышы қойнына сыймай: «Біздің ағай намаз оқи алады екен! Біздің ағай намаз оқуды біледі екен!» - деп, достарына жеткізіп жатты...

Үшінші әңгіме 
4-сынып оқушыларына сабаққа кірдім. Қолымда «Ақылды құмырсқалар» деген кітап бар еді. Бірінші қатарда отырған Мұрат деген бала менен кітапты сұрап алды. Ішіндегі суреттерге қызықтап қарай бастаған. Онша елегем жоқ. Бір кезде бір ақсақалдың суретін көрсетіп: «Мынау біздің Мұхаммед деген пайғамбарымыз болады», - деп, жанында отырған Ержанға түсіндіре бастады. Ержанның тілі келмей, «Махамбет» дей берді. Онысына Мұрат түзету енгізген боп: «Мұхаммед деп айтсаңшы!» - деп қояды. Мұраттың айтуынша, Мұхаммед – жақсы адам. «Мен өскенде иманды азамат боламын!» - дейді. Сосын маған қарады да: 
– Ағай, сіз Тозақ пен Жаннаттың бар екенін білесіз бе?! – деді. Баланың танымдық деңгейін білгім кеп:
– Естігенмін. Ол қай жақта екен? – дедім. 
– Тозақ пен Жаннат зиратта ғой! – деп жауап берді. Сосын сөзін жалғап: 
– Сіз білесіз бе? Жаннатқа барғандар кәмпит жейді. Ол жерге тек жақсы адамдар барады, – деді. Баланың бұл сөзіне таңырқап, тағы да сөйлеткім келді: 
– Ал Тозаққа барғандар ше? Олар не жейді сонда? – дедім. Мұратым: 
– Ол жақта кәмпит жоқ, олар таяқ жейді. Ол жаққа бұзық балалар барады, – деп жауап берді... 
«Иә, сол таяқтың көкесін ақыл-ойы кем сендер емес, ақыл иелері біздер жемесек болар еді!» – дедім ішімнен. Ал Мұрат кітаптағы құмырсқалардың суретін көріп, оларды «жақсы құмырсқа» және «жаман құмырсқа» деп бөліп отыр еді...

Төртінші әңгіме 
Осы жақында ғой... Қазан айының басы, ұстаздар мерекесі таяп қалған. Алдыма мүлдем сөйлей алмайтын бір бүлдіршін келді. Қолында бір жапырақ қағазы бар екен. Бұйымтайын айтып жатыр. «Маған керемет тілек жазып беріңіз, мен апайларымды құттықтауым керек!» – дейді. Шамам жеткенше ізгі тілектерді жазып бердім. Бірақ бәтшағарың талғампаз өзі, кейбір тілектер көңілінен шықпады. Ұнамағанын айтып: «Керемет тілек дедім ғой сізге!» - деп, біраз қыспаққа алды. Әйтеуір, барымды салып бір-екі сөйлеммен құттықтау сөздерін жазып бердім. Сосын себебін сұрадым. Ол әдеттегі адамдар түсіне қоймайтын тілде: «Бұл тілектерді өз қолыммен қайта жазамын да, мұғалімдерге таратамын!» - дейді...
Біз еркін сөйлей алсақ та, жақсы лебізге сараңдау екенбіз ғой... Ал мылқаулар амалын тауып, ізгі ниеттерін жеткізуге құштар!..

Нұрбол ҚұдайбергеновНұрбол Құдайбергенов
9 жыл бұрын 5442
5 пікір
  • Нұреке, шынымен-ақ, ақыл кем демеу керек. Алла тағала ақылдан кеміткенімен, сезу қабілеті бізден көп алда болуы мүмкін.
    9 жыл бұрын
  • Өмірден алынған ғибратты әңгімелер екен. Мұндағы айтылған кейбір дүниелерді ескере жүретін болдық. Алла разы болсын!
    9 жыл бұрын
  • Қамшының сабындай қысқа ғұмырда қиыншылық көрсе де, ақыретте жеңілдік пен мол сауаптың үстінен түсетінін білер ме екен? Ал біздікі керісінше екенін сеземіз бе?
    9 жыл бұрын
  • Адамға ой салатын тамаша жазба екен! Әсіресе қорытындыңыз әдемі. Жақында бір әлеуметтік ролик көріп едім. Бір мылқау жігітті қуанту үшін көршілері мылқаулардың тілін үйренеді. Өзімен бүкіл әлем тілдесіп кеткендей күйге түскен сондағы жігіттің қуанышын көрсеңіз!!! Оны көрген менің де көзіме жас келді. Адамды қуантуға көп дүние керек емес. Бірақ біздер расымен сараң секілдіміз(((
    9 жыл бұрын
    • Біреуді артық, біреуді кем етіп сынайды ғой Жаратушымыз. Артықшылығымызбен артық жасау керек болса да, кеміп жүргенімізді айтсаңшы...
      9 жыл бұрын
Блог туралы